CaspianLife, 16 маусым — Атыраулық медицина қызметкерлеріне бір жолғы материалдық көмек беріледі, деп хабарлайды Caspian Life облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтың сөзінше, биылдан бастап Атырау облысына жұмысқа келетін медицина мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бағдарламасы жұмыс істейді. Осы мақсатта қалада жаңадан жұмысқа орналасқан қызметкерлерге 3 млн теңгеге дейін, аулдық жерлерде 5 млн теңгеге дейін бір жолғы материалдық көмек беріледі. Одан бөлек, Атырауда ғана жүзеге асырылатын арнайы бағдарлама бойынша дәрігерлер «Отбасы Банк» АҚ жергілікті филиалы арқылы кепілсіз және жылдық 5%-бен тұрғын үй сатып алуға қатыса алады.
Сондай-ақ, дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін Атырауға алыс және жақын шет елдерден, сондай-ақ озық технологиялар қолданылатын республикалық клиникалардан мамандар шақырылмақ. Сонымен бірге, бюджеттен қаржат бөлініп, мыңнан астам атыраулық маманды шетелдік медицина ұйымдарында оқыту жоспарда бар.
Денсаулық сақтаудың қолжетімді және тиімді жүйесін қамтамасыз ету үшін Атырау облысының денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі бес жылдық тұжырымдамасын әзірлеу басталды. Тұжырымдама денсаулық сақтау саласындағы нысаналы индикаторларды жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, кадрлар тапшылығын төмендетуге және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ медициналық көмектің сапасын жақсартып, көлемін кеңейтуге бағытталған.
Фото: Рахим Қойлыбаев