CaspianLife, 16 маусым — Атырау елімізде инвестиция көлемі бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды Caspian Life облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері облысқа салынған инвестициялар көлемі 6,7%-ға артып, 1,1 трлн теңгеге жеткен. Жалпы Атырауға елімізге тартылған инвестицияның 22,5% тиесілі.
Аймаққа тартылған сыртқы инвестиция көлемі 474,3 млрд теңге болса, ішкі инвестиция 665,2 млрд теңге. Бүгінде түрлі бағдарлама бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде былтыр Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде жалпы сомасы 815,2 млрд теңге болатын 3 жоба іске қосылды. Осылайша бас-аяғы 748 адам жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бойынша биыл бюджеттен 9,4 млрд теңге қаражат бөлініп, бүгінгі күні несие сомасы 20,9 млрд теңге болатын 208 жоба қолдау тапты.
«2023 жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 14,9 млрд теңге болатын 3 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша бас-аяғы 207 жұмыс орны ашылмақ. Солардың бірі — құны 9,9 млрд теңгені құрайтын құс фабрикасы. Мұнда құс етінен жартылай фабрикаттар дайындалмақ. Кәсіпорын жылына 5 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы»,- деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Одан бөлек, Атырау облысында газ өңдеу зауыты, бутадиенді каучуктар өндіретін зауыт, тоқыма геосинтетика өндіретін цех, экструзиялық геосинтетика өндіретін цех, тоқыма емес геотекстильді мата зауыты секілді ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып отыр.
«Аймақта мұнай-химия кластерін құру маңызды. Осы бағыттағы маңызды қадам – былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстандағы алғашқы біріктірілген Газ-химия кешенінің іске қосылуы. «Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен шығара алады. Өндіріс ошағы еліміздің полипропиленге деген сұранысын өтеп қана қоймай, құрылыс, медицина, автомобиль құрастыру, тамақ өнеркәсібі секілді салаларда полипропиленнен түрлі бұйым шығаратын шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Бүгінгі күні полипропилен өндірісінде 632 адам және мердігер компанияларда 1 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Сонымен бірге Газ-химия кешені құрылысының екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарланған. Нақтырақ айтқанда, полиэтилен және бутадиен өндірісін қолға алу көзделіп отыр. Осылайша құрылыс кезінде 8 мыңнан астам, ал жоба іске қосылған сәтте 800 адам жұмыспен қамтылмақ», — деді аймақ басшысы.
Фото: zh-shugylasy.kz