CaspianLife, 15 маусым — Атырауда жас мамандар үшін «Бос жұмыс орындарының» жәрмеңкесі өтті. Оған 30-ға жуық компанияның өкілдері қатысып, 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды, деп хабарлайды Caspian Life.
Мекемелерге әсіресе дәнекерлеуші, есепші, инженер, қойма меңгерушісі, сату менеджері, тазалықшы және тағы басқа жұмысшылар қажет. Осы жолы жәрмеңкеге өздеріне маман іздеген мектеп, балабақша басшылары да қатысты. Білім ошақтарына физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, ал балабақшаларға тәрбиешілер керек.
Жәрмеңкені ішкі саясат, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен қала әкімдігі бірлесіп өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша жыл басынан бері облыста осындай жәрмеңке 17 рет өтіп, 400-ге жуық адам еңбекпен қамтылған. Бүгінгі жәрмеңкеге 1000-нан астам адам қатысып, өз түйіндемелерін қалдырды.
Фото: Досан Құлжанов