CaspianLife, 15 маусым — Маңғыстау облысында жыл басынан бері 9 адам көкжөтел ауруына шалдыққан. Оның 6-ы Ақтауда, ал 3-і Жаңаөзен қаласында тіркеліпті. Бұл туралы өңірдің бас санитар дәрігерінің орынбасары Бердібек Саралтаев хабарлады.
Эпидемиологтардың айтуынша, 2021-2022 жылдары облыста ауыр жағдай тіркелмеген. Көкжөтел тек биыл бас көтере бастапты. Сондықтан балаларға екпе салу жұмыстары жүргізілуде. Әзірге 2 ай мен 6 жас аралығындағы кішкентай маңғыстаулықтардың 39,5 пайызы немесе 39 мыңға жуығы вакцина алған. Бұдан бөлек дәрігерлер көкжөтел ауруының алдын алу үшін емханаларда, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әсіресе балалар арасында тез таралатын көкжөтел ауруының жасырын кезеңі 2-15 күн аралығын қамтиды. Дене қызуы 38,5 – 39°С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті болмайды. Бірте-бірте жөтел күшейіп, бала булығып қысылады.
Фото: gov.kz