CaspianLife, 9 маусым — Атыраулықтар әрқайсысының құны шамамен 14 миллион теңге болатын жабық аялдамалардың қызығын көрмей-ақ қойды. Биыл да бәз баяғы қалпы. Біз кіріп шыққан 7 аялдаманың тек екеуінің ішінен жанға жайлылық сезіледі. Ал өзгелерінде автобус күткен жұрт сыртта тал-терек пен жарық бағандарының көлеңкесін саялап тұр, деп хабарлайды CaspianLife.
Ал қалалық әкімдік қызметкерлері болса, салқындатқыштардың дұрыс жұмыс істемеуіне тұрғындардың өзі кінәлі дейді. Өйткені кейбіреулер қарап тұрмай, кондиционердің тетіктерін басып, режимдерді ауыстырып тастайтын көрінеді.
«Қазір ашық тұрған аялдамалардың көбінде тұрғындар кнопкаларды қозғау арқылы жылылық режимге қойым кету фактілері жиі кездесіп тұр. Бұл мақсаттта аялдамаларды біз жекелеп қарап шығамыз. Бағдарламасы арқылы түсіп отырған ақпараттарды толық қанағаттандырып отырмыз. Бұл жөнінде бізге осындай остоновкада салқындатқыш істемей тұр деген ақпарат түскен жоқ» — деді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.
Аялдамалардағы кондиционерлердің жөнді жұмыс жасамайтыны өз алдына, ондағы бейнебақылау камералары да іске қосылмаған. Болады деген вайфай да жоқ.
«Мұның енді камераларын қосу біз қаржы бөлімі арқылы тағы да сенімгерлікке басқаруға беруге ашық элоктронды конкурсқа беріп жатырмыз. Бұл аялдамалардың иелері конкурстың жеңімпазы болып танылған мекемелердің құзырына өткеннен кейін вайфай желісімен де және камера жүйелерімен де толық қамтылатын болады» — деді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.
Жалпы қала аумағында 22 жабық аялдама бар. Оның алтауы сенімгерлік басқаруға берілген. Қалғаны қалалық әкімдіктің иелігінде.
Фото: Inbusiness.kz