CaspianLife, 9 маусым — 1-ші шілдеден бастап Қазақстанда сұйытылған отын бағасы қымбаттайды, деп хабарлайды CaspianLife.
Енді Атырау облысында автогаздың литрі 54 теңгеден сатылмақ. Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да баға бізбен бірдей болмақ. Ал Астана, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Абай, Жетісу, Ұлытау және ШҚО-да сұйытылған отынның бөлшек саудадағы құны 70 теңгеден 74 теңгеге, Алматы қаласы, Алматы және СҚО-да 75 теңгеден 79-теңгеге көтеріледі. Шымкент, Қызылорда мен БҚО-нда 64 теңгеден, Жамбыл облысында 69 теңгеден саудаланады. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаның көтерілуіне қатысты түсінік берді. Олардың айтуынша, Энергетика министрлігі 1 шілдеден бастап сұйытылған мұнай газының бір тоннасының көтерме нарықтағы бағасын 20 пайызға, яғни 33 600 теңгеден 40 320 теңгеге көтеруді жоспарлап отыр. Ал бағаны 4 теңгеге қымбаттату – осы нарықтағы есеп-қисап айырмашылығын болдырмас үшін жасалып отырған көрінеді. Ал тұрғындар мұнайы мен газы өзінен шығып жатқан Атырауда жанар-жағар май мен сұйытылған отын бағасының қымбаттауы ақылға сыймайды, — дейді.
АВТОГАЗ БАҒАСЫ /01.07.2023 ЖЫЛДАН БАСТАП/
Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облысында – 54 теңге
Астана, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, ШҚО, Павлодар, Абай, Жетісу, Ұлытау облысында – 74 теңге
Алматы қаласы, Алматы және СҚО – 79 теңге
Шымкент қаласы, Қызылорда, Түркістан, БҚО – 64 теңге
Жамбыл облысында – 69 теңге.
Фото: Aikyn.kz