CaspianLife, 5 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Құрманғазы ауданында мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Жиын еліміздің әнұранының авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтың туған ауылындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Кейін аудан орталығындағы демалыс алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, әнұран орындалды. Тұрғындарды аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов құттықтап, мемлекеттік рәміздер — еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамайтын атрибуттарының бірі екендігін атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер. Бүгінде мемлекеттік нышандарымыз еліміздің басты символдарына айналып, көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Қауіпсіздік Ынтымақтастық Ұйымы сияқты халықаралық беделді ұйымдарда желбіреп, дүниежүзілік олимпиадалық ойындарда қазақстандық спортшылар жеңіске жеткен кезде Туымыз көтеріліп, Гимніміз шырқалады. Мұндай тарихи сәттерге өздеріңіз үнемі куә болып жүрсіздер. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болу үшін біз өз елімізді, туған жеріміз бен Отанымызды ардақ тұтуымыз қажет. Оның ең алғашқы қадамы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады» — деді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Марат Хасанов.
Іс-шара барысында аудан өнерпаздарының әуелете шырқаған патриоттық әндері жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Адамдар қуанышты таң кірпінің көрінісімен құрманғазылықтардың қолдарына көк ту ұстап, жеңіс алаңынан бері қарай осы саханаға келіп, думандатып жатыр. Бұл бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің анық көрінісі, киелі Құрманғазы топырағының үлкені мен кішісінің тәуелсіздікке деген құрметі, тәуелсіздікті сезіне білуі және шаттануы деп ұғынуға болады. Мереке құтты болсын, ұзағынан болсын. Елтаңба жүрегіміздегі бойтұмарымыз. Туымыз асқақ аспанның шетінен керіп алған біздің асқақ ұлы мұратымыз. Жұмекен, Шәмші ағаларымыз жазған әнұранымыз біздің жүрегіміздің үні, халықтың ортақ үні» — деді Құрманғазы ауданының тұрғыны Таңатар Дәрелов.
Фото: Егемен Қазақстан