CaspianLife, 5 маусым — Атырауда мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Оған облыс басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскерилер мен басқа да саланың мамандары мен қала тұрғындары қатысты. Ресми іс-шара театр әртістерінің прологымен ашылып, кейін ҚР туы тутұғырға көтерілді. Жиналғандарды аймақ басшысы құттықтап, рәміздеріміз ашық аспан астында қырандай қалқып, дамыған елдермен терезесі тең ел екенімізді көрсетті деді.
«Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің басты нышаны. Біз ата-бабамыз армандаған осы тәуелсіздікті алған күннен бастап шекарамызды бекітіп, мемлекеттік рәміздерімізді қабылдадық. Бұл –біздің елтаңбамыз, бұл – біздің әнұранымыз. Бұл – біздің көк байрағымыз. Біз жас ұрпаққа рәміздердің маңыздылығын айта отырып, рәміздерді құрметтеуге, насихаттауға тартуымыз
керек» — деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.
Іс-шара атыраулық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мұнда жиналған үлкен де, кіші де елдігіміздің тәуелсіздігін айқындайтын нышандарды насихаттау қоғамға ортақ іс екенін айтады.
«Анау аспандағы көкпен таласқан көк ту, ондағы ұшып бара жатқан алып құс қазақ елінің үлкен бір жоғарыға ұмтылғанын көрсетеді. Бір шаңырақтың астына жиналған елтаңбамыздың өзі ауызбіршілігімізді, екі пырақ қазақтың ертеден келе жатқан тәуелсіздікті аңсаған ел екенін көрсетеді. Әнұранымызда ерекше сөздер бар екенін білесіздер» — деді Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мақсым Ізбасов.
«Жастарымыз көктумызды жоғары көтеріп, берік ұстауына тілектеспін. Болашақ жастардыкы ғой. Жастарымыз отансүйгіштікке тәрбиеленсін,отанын қорғауға міндеттелсін» — деді Жылыой ауданының тұрғыны Өмірзақ Текебаев.
Жалпы халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер 1992 жылы 4 маусымда бекітілді. Ал 2007 жылы «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде тойланады. Осы орайда, рәміздер туралы қызықты деректерге тоқталсақ. Тәуелсіз Қазақстан тарихында 2 гимн болды. Еліміздің елтаңбасы геометориялық тұрғыдан әлемдегі ең күрделі символдардың бірі. Ол шамамен 40 элементтен тұрады. Ал тудағы оюдың түсі алғашында қызыл болып. Кейін сарыға өзгертілді.