CaspianLife, Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің осы жолғы отырысында қоғамдық көлік пен азық-түлік тақырыбы талқыланды, — деп хабарлайды сaspianlife.kz. Кеңес мүшелері автобустардың тазалығы, жүру уақыты және аялдамалар мәселесінің әлі шешілмей отырғанын айтты. «Қалалық тұрғын үй—коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің» басшысы Әлібек Мұхамбеталиевтің сөзінше, бұған автопарктер арасында бәсекенің жоқтығы себеп. Сондықтан, қазір жолаушылар тасымалдайтын өзге де мекемелермен жұмыс істеу жағы қарастырылуда. Әңгіме ауаны азық-түлік тақырыбына ойысқанда кеңес мүшелері қызыл кеңірдек болды. Әуелі «Атырау» ӘКК не үшін қажет?» деген сұраққа жауап іздеді. Оларды «аймақты түгелдей жергілікті азық-түлікпен қамтып отырмыз» деген ауыл шаруашылығы басқармасы өкілінің сөзі шамдандырды. Бірақ қоғамдық кеңес мүшелері мұндай пікірге қарсы шықты. Қоғамдық кеңес мүшелері «әлеуметтік—кәсіпкерлік корпорациясы жергілікті халықты төмен бағамен сатылатын азық-түлікпен қамтамасыз ете алмаса, оны жабу қажет» деп кесіп айтты.