CaspianLife, 25 мамыр – Атырау қаласындағы 400-ден астам гараж бұзылады деп хабарлайды сaspianlife.kz.
«Лесхоз» ықшам ауданындағы елеусіз жерде орналасқан мына гараждарға анда-санда келсек те, осы уақытқа дейін ешкім тиген емес. Бірақ мемлекет меншігіне алынады деген әңгіме шыққалы бері ұры қаптады, — дейді иелері.
«Құқық қорғау органдарына арыздандық. Олар келеді, көреді, тексереді. Бірақ, қайран жоқ. Мұндай бассыздықты тек Атыраудан көруге болады. Көзімізді бақырайтып қойып тапа тал түсте тонап жатыр. Өзім де куә болдым. «Не істеп жатсың?» деп сұрадым. «Сенің гаражың емес, қатысың жоқ іске басыңды сұқпа» деді маған», — деп пікір білдірді тұрғын Уран Давлетов.
Жанар Джаксманова да – зардап шеккендердің бірі. Ол гаражы тоналмастан екі апта бұрын әкімдіктен бұл жердегі нысандардың бұзылатындығы туралы хабарлама алған. Жанар қажетті құжаттарды жинап тапсырғаннан кейін гаражының қақпасы жоқ екенін көріпті. Кейін бірден полицияға шағымданған.
«Маған 400 000 теңгеден астам шығын келді. Гараждар бұзылады дегенге дейін ешкім ештеңені тонаған емес. Мұндай жағдай басқалардың да басында бар. Кім құжат тапсырды, солардың гаражы ұры-қарының олжасына айналды», — дейді Жанар Джаксманова.
Қазір тоналған гараж саны 10-нан асып жығылады. Алайда, полицияға 5 адамнан ғана арыз түскен.
«Қазіргі таңда қазір қылмысқа қатысты деректерді іздеу бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс ҚК 188 бабы 3 бөлігіне сәйкес жүргізілуде» деп хабаралады Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қалалық ТҮКШ бөлімі гараждарды бағалаумен айналысатын компанияны анықтау үшін конкурс жарияламақ. Ал тұрғындар тоналған меншігі арзанға бағалана ма деп алаң. Бірақ әкімдік қызметкерлері жылжымайтын мүлікті бағалау кезінде мұның ескерілетінін айтты.
«Полицияға берген кезде өзінің шығынын көрсетеді ғой, дұрыс па? Шығыны тіркеледі етіледі, дұрыс па? Енді біз оны жұмыс барысында осындай жағдай практикада қалай болғанын анықтаймыз. Мұндай практика бізде де болған емес. Басқа қалада болған шығар. Сіз құнымен келіспесеңіз, заңда көрсетілген тәртібімен жүре береді. Ал, тоналғаны бойынша оны жұмыс барысында анықтаймыз. Бұл туралы қосымша анықтаймыз», — дейді Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Фараб Қуанышқалиев.
Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының айтуынша, қазірге дейін 60 адам ғана құжат тапсырған. Ал, өзгелері хабарлама алса да, асықпай отыр. Сондықтан, мамандар тұрғындардың Сәтпаев даңғылы бойындағы 13-ші ғимаратқа келіп, құжат тапсыруларын сұрайды. Айтпақшы, 400-ден астам гараж 3 гектар аумақты алып жатыр. Болашақта бұл жерде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2 000 бала оқитын мектеп салынбақ.