CaspianLife, 25 мамыр – Ресеймен шекаралас жатқан «Бөкей хан» ауылының іргесінде Қиғаш өзені ағып жатыр. Бірақ, халық судан тапшылық көріп отыр деп хабарлайды сaspianlife.kz.
«Жергілікті билік қол созым жердегі өзеннен су тартып беруге жарамай отыр» деп ренжиді тұрғындар.
«21 жыл болды. 2002 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасымен жұмыс басталған. Кейін тұрбалар ұрланып кетті», — деді «Бөкей хан» ауылының тұрғыны Болат Түсіпқалиев.
«2017 немесе 2018 жылы 517 миллион теңге бөлінді деді. Сол кездегі аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ақша бөлінді, су тартылады деп кеткен. Сол кеткеннен мол кетті. Бибоз да жоқ, ақша да жоқ, су да жоқ!», — деді «Бөкей хан» ауылының тұрғыны Якоб Түсіпқалиев.
Шалғайдағы жұртты алаңдататыны – жобаны аяқтау мерзімінің сағызша созылып кеткендігі. Осылайша бөлінген қаржының сайда санын, құмда ізін таппай, ауыз сусыз қаламыз ба деп қауіптенеді. Ауылда 400 түтін бар, екі мыңға жуық халық тұрады. Бір отбасы бір айда 12 мың теңге төлеп, құдыққа 3-4 рет су құйғызады. Аудан басшылығы болса, әдеттегі жауаптан жаңылмады: «Жоба түзетуде жатыр».
«Көшеге асфальт түсуіне байланысты келесі көшеге тарту үшін мүміндік жоқ. Бұрын жобада асфальт қарастырылмаған.. Сол асфальттан келесі көшеге өткізу үшін жобаға түзетулер енгізіліп, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жоба өзгеріп жатыр»,- дейді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Марат Хасанов.
Құны 700 млн теңге тұратын жоба осылайша аяқталмай әлі келеді. Қазылған құдықтар қоршаусыз, ашық-тесік жатыр. Билік өкілдері келер жылдың аяғында ғана халыққа су берілетінін сенімді айтты. Тағы да түзету керек деп кейінге қалдырылмаса, әрине.