CaspianLife, 24 мамыр – Атырауда үйден білім алатын ерекше баласына көмектескені үшін ата-анаға мемлекет тарапынан берілетін қаражат дұрыс төленбеген деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Яғни 230-ға жуық ата-ана тиесілі төлемақыны заңға сәйкес алмапты. Мұны Атырау қалалық прокуратурасының қызметкерлері анықтады. Прокурорлардың тексерісінен кейін оларға берілетін қаражат көлемі екі есеге дейін көбейді. Прокурорлар анықтаған тағы бір шикілік – жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аптасына 40 сағат жұмыс істеткен. Ал мүгедек жан заң бойынша 36 сағат еңбек ете алады. Қазіргі уақытта олардың жұмыс уақыты қысқартылып, қосымша демалыс күндері берілді. Және тексеріс кезінде мүмкіндігі шектеулі 30 адам қайтыс болғаннан кейін де олардың есепшотына әлеуметтік төлем аударылғандығы белгілі болды. Ақша қазынаға кері қайтарылған. Прокуратура қызметкерлері мемлекеттік мекеме мамандары тарапынан жіберілген қателік мұнымен бітпейді, — дейді.
«Мемлекеттік органдардың бақылау жүргізбеген салдарынан мүгедегі бар тұлғалардың көмекшілері өзге мемлекеттік мекемеде жұмыс жасап келген. Яғни, мүгедекті қарауды орнына сол уақытта жұмыс жасап, ақша алып келгені анықталды. Осы бойынша қадағалау актілері енгізілді. Жауапты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — дейді Атырау қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Ерлан Какиев.