CaspianLife, 22 мамыр — 21 мамыр — мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күні. Соған орай Атырауда музей және мәдениет үйінің мамандары арасында спартакиада өтті деп хабарлайды caspianlife.kz.
Жарысқа Алмалы және Құрманғазы мәдениет үйлері мен облыстық өлкетану және Шаймардан Сариев атындағы қолданбалы өнер музейінің қызметкерлері қатысты. Олар 100 метрден эстафеталық жүгіру, қол күресі, арқан тарту және «Көңілді старт» эстафетасы сынды кезеңдер бойынша бақ сынасты.
«Біздің командамызда спортпен шұғылданатындар бар. Өзім айналыспаймын. Дегенмен, топта спортпен күнделікті шұғылданатын ерлер де, әйелдер де бар. Көптеген концерттің артында жүрген біздер бір ұжымбыз. Әріптестеріме сәттілік, денсаулық тілеймін. Күшті-күшті концерттеріміз көп болсын», — деді Алмалы мәдениет үйінің әдіскері Бақтыгүл Сырым.
Жарыс қорытындысы бойынша Атырау облыстық өлкетану музейінің қызметкерлері үшінші, Құрманғазы атындағы мәдениет үйінің мамандары екінші орынды иеленді. Ал, Алмалы мәдениет үйінің мамандары бірінші орынды жеңіп алды.