CaspianLife, 22 мамыр — Ерекше бала тәрбиелеп отырған атыраулық ата-аналар қоғамдық көлікте тегін қатынайды. Мұны Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев айтты деп хабарлайды caspianlife.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін талабын айтып әкімдік алдына жиналған аналармен облыс әкімінің орынбасары кездесті. Жасұлан Бисембиев бүгіннен бастап мүмкіндігі шектеулі бала тәрбилеп отырған ата-аналар қоғамдық көлікпен тегін қатынайтынын айтты.
«Қазіргі таңда қоғамдық көліктерде тегін жүрушілер қатарына өзгерістер енгізіп, мүмкіндігі шектеулі жанмен бірге жүретін адамды да тегін қатынауы үшін әкімдіктен қаржы бөлу мәселесі мәслихат отырысында қаралады. Бұл — күн тәртібіндегі басты мәселе. Елімізде бірнеше жылдан бері әлеуметтік портал жұмыс істеп тұр. Сол арқылы аяқ-киімнің түрлері, өлшемі сынды параметрлерді таңдап аласыздар. Аяқ-киімдерді заттай емес, ақшалай беру әкімдік деңгейінде шешілетін мәселе емес. Бұл турасында тиісті министрліктерге ұсыныс жолданады. Ал тұрғын үй заң бойынша кезек реттілігімен беріледі. Сондай-ақ сіздер көтерген өңірлік деңгейдегі мәселелер өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешімін табады»,-деді Ж.Бисембиев.
Кездесуде Жасұлан Бисембиев аналарға жергілікті әкімдік дейгейіндегі мәселелер оң шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ әлеуметтік сала мамандарына мүгедектік туралы мәселелер бойынша телеграмм чат құрып, оған ата-аналармен қоса барлық мемлекеттік орган басшыларын тіркеуді тапсырды.