CaspianLife, 22 мамыр — Атырау қаласының әкімі ауылдарға жол салып жатқан компанияның жұмысымен танысты деп хабарлайды caspianlife.kz.
Еркінқаладағы жол салу жұмыстарының барысын көзбен көрген қала әкімі Мейірім Қалауи сапаға назар аудару керектігін ескертті. Атырау қалалық әкімдігінің ресми хабарлаған ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта Еркінқала ауылында жалпы ұзындығы 17,9 шақырымды құрайтын жол салынып жатыр. Бұл жұмыспен «Атырауинжстрой» ЖШС айналысуда. Сондай-ақ, Еркінқала-2 ауылына жалпы ұзындығы 60,2 шақырымды құрайтын 46 көшенің тас жол құрылысы жалғасуда. Күні бүгінге дейін 38,5 км құрайтын 27 көшенің негізгі қабаттары салынып, оның 16,2 км бөлігіне ірі түйірлі асфальт жабындысы төселді. Ал, Балауса ықшам ауданының 34 көшесіне жол салынып, аталған аумақ толықтай қамтылмақ. Күні бүгінде барлық көшеге астыңғы қабатын дайындау жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындысының алғашқы ірі түйірлі қабаты төселді.Сонымен қатар, Өркен және Жұмыскер ықшам аудандарында жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Жалпы ұзындығы 15 км құрайтын Жұмыскер ықшам ауданында 5 шақырымға жуығына асфальт төселді.Бұл жұмысқа «Жайық-Сити» компаниясы жауапты.
Фото: Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен