CaspianLife, 17 мамыр — Атырауда жазушы, драматург Берік Қорқытовтың шығармашылығына арналған облыстық фестиваль басталды, деп хабаралайды CaspianLife.
«Шынайы шымылдық» атты іс-шараға облыстағы 16 халықтық театр мен 4 драма ұжымы қатысуда. Сахнаға алғаш боп Құрманғазы ауданынан келген «Орлы» халықтық театры шықты. Ұжым бұл фестивальға үшінші рет қатысуда. Алғаш 2014 жылы «халықтық театр» атағын алған еді. Ал, үш жыл бұрын «Абай сот» спектаклін қойған. Биыл «16 желтоқсан» көрінісін сахналады.
«Бұл көріністе 86 жылы не болғанын білесіздер, үлкен көтеріліс болды. Сол көріністен құттай ғана эпизод. Шағын ғана коллективпен қойып отырмыз. Әрине бұған уақыт көп кетеді. 3-4 айдай дайындаламыз. Дайындық көп керек. Тірі дауыста, жанды болғаннан кейін сәтті өту керек. Режиссердың да ойынан шығуы керек» — деді Құрманғазы аудандық «Орлы» халықтық театры басшысының м.а Қадіржан Қасанов.
Берік Қорқытовтың шығармашылығын дәріптеу – фестивальдың басты мақсаты. Дегенмен, «оның атқарар міндеті тек бұл емес» дейді ұйымдастырушылар.
«Фестивальдің бірінші мақсаты – даңқты жерлесіміз, жазушы Берік ағамыздың шығармашылығын насихаттау, қалың жұртшылыққа оны кеңінен таныту. Екінші мақсатымыз, «Ел іші – өнер кеніші» дейді, елдің ішінде еленбей жүрген таланттарды жарыққа шығару, солардың өнеріне қолдау білдіріп, алға қарай елге таныту. Үшіншісі талғамы халтурадан төмендеп кеткен халықтың талғамын биіктетуге үлкен күш салу» — деді қазылар алқасының төрағасы Саадат Нұрманов.
Фестиваль аясында халықтық театрлар өз атақтарын қорғауы тиіс. Облыстық деңгейдегі іс-шара 20 мамыр күні аяқталады.