CaspianLife, 17 мамыр — «Маңғыстау облысындағы тарихи объектілер қараусыз жатыр», деп хабарлайды CaspianLife.
Аймақтағы қоғам белсенділері осылай деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, өңірдегі туристік нысандардың бірі де қорғалмаған. Бұл мәселе Торыш шатқалында болған оқиғадан кейін көтеріліп отыр. Себебі, шатқалдан тас ұрлағандар жазасыз қалды.
«Қараусыз жатқан аймақтан тастар бірінші рет ұрланып тұрған жоқ. Қалада мұндай тастарды қонақ үйлер, мейрамханалар және басқа да жерлерде декор ретінде пайдаланып отыр. Ал, оған рұқсатты кім берді? Ол үшін рұқсат алу керек пе? Бұл сұрақтарға ешкім жауап бермейді. Себебі, табиғи туристік нысандар «қорғалатын аумақ» қатарына жатпайды» — деді «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ басшысы Кирилл Осин.
Күні кеше ғана шар тәріздес тастарды тасып әкеткісі келгендер профилактикалық әңгіме тыңдап қана қайтқан болатын. Оларға тек тастарды орнына апаруды ғана міндеттеген. Облыстық әкімдіктегілер «Торыш» шатқалын «қорғалатын аумақ» қатарына қосуға жұмыстанып жатырмыз дейді.
«Бұл бойынша 2017 жылы ЮНЕСКО бүкіләлемдік ЮНЕСКО құрамына енгізуге жобасы жасақталып, ұсынылған болатын. Соның ішінде, Торыш шатқалы да бар. Алайда, ЮНЕСКО-ның тарапынан қолдау таппады. Тізімге енгізе бойынша. Торыш қазіргі уақытта қорғалатын аумаққа жатпайды. Сондықтан, қазір қатарын толықтырып, есткерткіштерді түгендеп, зерттеу жұмыстары жүргізіледі» — деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстарды қорғау және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев.
Жауаптылар экология министрлігіне бірнеше аумақты қорғауға алу тұралы ұсыныс дайындап жатыр. Ол үшін жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу керек. Ал, оны дайындау үшін уақыт пен қаражат қажет дейді басқармадағылар.
Фото: Massaget