CaspianLife, 17 мамыр — Атырауда алғаш рет аналар шеруі өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
«Дарынды бала тәрбиелеген отбасы» атты іс-шараға республикалық, халықаралық жарыстарда облыстын намысын қорғап жүрген оқушылар мен студенттер және олардың аналары қатысты. Салтанатты жиын барысында отбасының ұйытқысы болып отырған нәзік жандылар марапатталып, сыйлықтар табысталды.
«Іс-шараның мақсаты – балаларымыздың жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп, тәрбиелеп отырған аналарды ұлығылау, құрмет көрсету. Осылайша ананың біздің қоғамда қандай рөл атқаратынының тағы бір мәрте көрсеткіміз келді. Бір қуанарлығы, қазір өскелең ұрпақ түрлі жарысқа, олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Ал, олардың мұндай жетістікке жетуіне үнемі қолдау көрсететін аналары тасада қалып жатады» — деді Атырау облыстық аналар кеңесінің төрағасы Жанар Ілиясова.
Милена Мұрат – халық әнін айтып, шығармашылық сайыстардан жүлдесіз қайтпайтын оқушылардың бірі. Оның мұндай жетістікке жетуіне жақындарының қолдауы септігін тигізген.
«Немерем балабақша мезгілінен би билеп, ән айтқанды жақсы көреді. Біршама музыка мектебінің атынан қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бас жүлде, бірінші орындар алып жүр. Немеремнің өнерге деген талабы өте мықты. Алға қарай да үлкен жетістіктер күтеміз. Әрине, баланың жетістігіне ата-ананың көмегі өте зор. Тек қана баланың таланты емес, сонымен бірге ата-ананың да қолдауы керек. Менің немереме ата-анасы, ата-әжесі қолдау көрсетіп келеміз» — деді Атырау қаласының тұрғыны Бекзат Мәулімқызы.
Қуанышымызға орай, бүгінде дарынды балалардың қатары жыл санап артып келеді. Сондықтан, «бұл іс-шара жалғасын табары сөзсіз» дейді ұйымдастырушылар.