CaspianLife, 16 мамыр — Мақат ауданында ауыр атлетикадан жасөспірім ұл-қыздар арасында республикалық турнир өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Биыл үшінші мәрте сарапқа салынған аудан әкімінің кубогында спортшылар әлемдік ауыр атлетика федерациясы бекіткен ереже негізінде 10 салмақ дәрежесі бойынша шеберлік байқасты.
«Мен Ақтөбе облысынан Мақат ауданына жарысқа келдім. Мен бірінші орын алғаныма 41 салмақ дәрежесінде өте қуаныштымын. Болашақта осындай жарыстар көп болып қазақстанда әлем чемпионы атанғым келеді» — деді спортшы Арсланбек Ташмағамбет.
Екі күн бойы өткен сайысқа Атыраудан өзге, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан 107 спортшы қатысты. Оның бесеуі ғана қыз. Ал Мақат ауданының атынан шыққан 15 спортшының үшеуі алтыннан алқа тақса, екеуі күміс жүлдеге ие болды.
«Бұл турнирдің мақсаты атырау облысында ауыр атлетика спорт түрін дамыту, жастарымызды салауатты өмір салтын насихаттау. Осындай ірі турнирлеріміздің арқасында жасөспірімдеріміз шындалып, әлем, олимпиаданы бағындырады деген ниеттеміз» — деді Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполов.
Қазіргі таңда облыс бойынша Мақат ауданында ғана ауыр атлеттерді дайындайтын үйірме бар. 2017 жылы ашылған үйірмеге қазір 16 спортшы келіп жүр.
Фото: Мақат тынысы