CaspianLife, 16 мамыр — Көршілес Астрахань облысындағы қазақтар Жайлау той мерекесін биыл да кең көлемде атап өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Қазақтың ұлттық мейрамын Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығының ұжымы ұйымдастырды. Тойға Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының тұрғындары құрметті қонақ ретінде шақырылған.
«Ертеде қазақтың көшпенді болғаны белгілі. Күзде күзеуде, қыста қыстауда жүрді. Көктем келіп, жаз шығысымен жайлауға көшетін. Жер аяғы кеңіп, күн жылыған соң бәрі қыстан аман-шыққанына қуанып, жайлауда той жасайтын болған. Міне сол кездегі дәстүр әлі де жалғасып келе жатыр» — деді Атырау облысының тұрғыны Клим Ғұбашев.
Астрахань бойындағы қазақтардың биылғы жайлау тойы күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орайластырылыпты. Мейрамға ұлы күйшінің ұрпақтары да арнайы келді. Құрманғазының қос ғасырлық тойы ЮНЕСКО деңгейінде 2018 жылы аталып өтті. Дегенмен, жергілікті архивте табылған құжаттарда ол 1823 жылы дүниеге келді делінген.
«Қазіргі кезде әртүрлі зерттеулер көп. Бірақ енді соңы мына Орынбордағы, Орынбор кезінде астана болды ғой Қазақстанның сондағы архивтегі мәліметтерменен, сосын жергілікті жердегі құлпытастағы жазуларды салыстыру арқылы Құрманғазы бабамыздың 200 жыл болғандығы қазір қағаз жүзінде дәлелденді деп есептейміз. Бабамыздың басына қойған кесенеге өте бір сондай кесенеге ризашылығымызды білдірдік. Енді ол Ресей мен Қазақстан азаматтарының бірігіп қойған ескерткіші ғой. Сондықтан арадағы байланыс үзілмесін» — деді Қ.Сағырбайұлының ұрпағы Қуаныш Таубай.
Жайлаудағы тойға келген қауым қазақ күресі мен садақ ату секілді түрлі спорттық сайысқа қатысты. Дүбірлі дода — аламан бәйге де мереке сәнін келтірді. Сондай-ақ қазанға бауырсақ пісіруден жарыс, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, тойға 7 мыңға жуық адам жиналған.
Фото: ГТРК Лотос