CaspianLife, 16 мамыр — Депутаттарды білім сапасының төмендігі алаңдатып отыр, деп хабарлайды CaspianLife.
Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс өткен үшінші сессиясында өткен жылғы қала бюджетінің қаншалықты игерілгендігі, мектептердегі білім сапасы туралы сөз болды. Сондай-ақ, 2023-2025 жылдардың бюджетіне өзгерістер енгізілді. Және Дамбы, Еркінқала, Қайыршақты, Кеңөзек, Атырау, Алмалы ауылдық округтерін ауыз су, жарықпен қамтамасыз ету, көгалдандыруға қажетті қаражат бөлу мәселесін қарап, бірауыздан қолдады.
«Елді мекенді сумен жабдықтау ұйымдастыру бойынша, Тасқала 1 ауылының, Өрлеу, Қайнар тұрғын алабына ұзындығы 21 шақырым, жазғы су жүйесін жүргізу, ашық конкурс бойынша нақтыланған мердігер мекемемен 80млн, 750 мыңтеңгеге келісім шарт жасақталды» — деді «Кеңөзек» ауылдық округінің әкімі Ернар Өтешқалиев.
Қала мектептеріндегі білім сапасы да депутаттарды мазалап жүр екен.
Оқушылар алгебра, физика, математика және химия пәндерінен нашар. Оған соңғы бес жылдағы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі дәлел, — дейді халықтың қалаулылары. Білім сапасына жауап беретін мамандар бұған ұстаздардың жетіспеушілігі әсер етіп отырғанын айтып, мәселені шешуге ықпал ететін ұсыныс білдірді.
«Біріншіден Атырау облысында білім беру сапасын арттыру бойынша кешенді іс шаралар жоспарын қабылдап, бекіту ұсынылады. Ол негізгі екі үлкен бөліктен тұрады. Бірінші педагог кадрлардың біліктілігін арттыруда өңірлік жүйесін дайындау және мектеп оқушыларының білім сапасын арттыруға бағытталған кезек күттірмейтін іс-шараларды қабылдау» — деді Атырау облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Қаныбек Жұмашев.
Былтыр қалалық әкімдік өз шығындары үшін 337 миллиард теңге жұмсауды жоспарлап, бөлген. Және осы қаражаттың 317 миллиардын игеріпті.