CaspianLife, 12 мамыр — Қазіргі кезде елімізде сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2500-ден астам құжат бар. Бірақ көпшілігі көнерген, бүгінгі күннің стандартына сай келмейді. Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны бір ізге түсіріп, Үкіметке қала құрылысы кодексін әзірлеуді тапсырған еді. Және әр қаланың жер телімдері мен коммуналдық желілері көрсетілген интерактивті карта жасауды тапсырған. Жуықта Атырауға арнайы келген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері жергілікті әкімдік, құрылыс компанияларының қызметкерлерімен кездесу өткізіп, заң жобасын талқылады, деп хабарлайды Caspian Life.
Caspian News арнасының дерегінше, жобада құрылыс кезінде сейсмикалық талаптардың сақталуына баса мән берілген. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің 60 пайызы сейсмикалық қауіпті деп есептеледі. Олардың арасында Атырау облысы да бар.
«Қала құрылысы» кодексінің жобасы жақында мәжілістің қарауына жіберілмек. Ал «Е құрылыс» ақпараттық жүйесіне тоқталатын болсақ, бұл жүйе объектіні мемлекеттік мекеменің тапсырысы негізінде салып жатқан мердігердің жұмысын қадағалауға мүмкіндік береді. Яғни, объектінің құрылысы басталғандығы туралы хабарламадан жұмыс аяқталғанға дейінгі процестің барлығы осы жүйеге енгізіледі. Мамандардың сөзінше, қазіргі уақытта бұл портал арқылы тек техникалық қадағалаушылар есеп беріп отыр.
«Е құрылыс» ақпараттық жүйесі толығымен іске қосылған соң құрылысы бұрын басталып кеткен мемлекеттік объектілер де тіркеледі.
Авторы: Нұрбибі Теміртасова
Фото: baq.kz