CaspianLife, 26 сәуір — Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 150 орындық оңалту орталығы салынады деп хабарлайды сaspianlife.kz. өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай жаңалықты Атырауға іс сапармен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты. Вице-министр облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтермен танысып, арнаулы орталықтарды аралады.
«Елімізде мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту орталықтарын салу қолға алынды. Соның бірі Атырау облысында бой көтермек. Бұдан бөлек, биылдан бастап инватакси қызметі Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін техникалық оңалту құралдарының паркі ашылады. Оңалту техникалық құралдары парктерін құру, оңалту құралдарының заманауи, қымбат түрлеріне қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді»,- деді Е.Оспанов.
Қазіргі уақытта облыста мүмкіндігі шектеулілерге арналған 55 орындық оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда бір жылда 100-ден аса науқас кезекпен келіп қызмет алады. Яғни, орын саны тапшы және қажетті жабдықтардың жетіспеушілігі сезіледі.
Бұдан бөлек, вице-министрмен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы техникалық қызметкерлердің жалақы мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, орталық басшылары психоневрологиялық ауытқуы бар науқастарға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге зейнет жасын ерте тағайындау туралы ұсыныстарын жеткізді.