CaspianLife, 25 сәуір – Атырау қаласына қарасты Жаңаталап ауылындағы Жамбыл орта мектебінің үш оқушысы қызылша ауруын жұқтырған деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнара Сәдуақасованың айтуынша, жағдайға байланысты мектептегі екі сыныптың оқушылары сабақты 2 мамырға дейін қашықтан оқиды.
«Жаңаталап ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектебінің 5 сыныптан — 1 баладан, 3 сыныптан — 2 оқушыдан қызылша ауруының белгілері анықталды. Осыған байланысты 3 сынып пен 5 сыныпты 25 сәуір мен 2 мамыр аралығында қашықтықтан оқыту форматына көшіреміз деп шешім қабылдадық. Өйткені, дизенфекция мен тазалық жұмыстары жүргізілу керек»,- деді Г. Сәдуақасова.
Жалпы биыл Атырауда 2 наурыз – 24 сәуір аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 15 жағдай тіркелген.
«Оның ішінде алтауынан қызылша ауруы зертханалық жолмен дәлелденді. Ал 4 жағдай бойынша зертханалық тексеру қорытындысы теріс нәтиже берді. 5 жағдайға байланысты зерттеу қорытындысы жүргізіліп жатыр. Оған қоса науқастармен қарым-қатынаста болған 216 адам медициналық бақылауда. Эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша 7 адамға қызылшаға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілді.Санитарлық–эпидемиологиялық тексеру жалғасуда»,- деді Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов.