CaspianLife, 18 наурыз — Құрманғазы ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды CaspianLife.
Оларды қаржыландыру еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда. Кәсіпкер Бауыржан Құмаровтың ағаштан түрлі бұйым жасайтын цех ашқанына көп бола қойған жоқ. Ұсыныс бар жерде, сұраныстың да болатыны белгілі. Уақыт өте келе кәсібін кеңейтуді жөн көріп, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға» қатысып, грант ұтып алды.
«Бұрын 2Д форматта ағашқа әртүрлі суреттер, сувенирлер, есімтақталар салатынбыз. Қазір енді «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында берілетін мемлекеттік гранттар бойынша «Жарнама агенттігі, матаға, ағашқа, шыныға және мәрмәрге әріптер мен әшекейлер» жобасымен конкурсқа қатысып, 2,5 млн.теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болдым. Қазіргі уақытта арнайы цехтың құрылысын аяқтап, қажетті құрал-жабдықтар сатып алып үлгердім. Басты мақсатымыз – аудан халқын қолжетімді бағада сапалы өнімдермен қамтамасыз ету» — деді кәсіпкер Бауыржан Құмаров.
Кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының айтуынша, қазіргі кезде ауданда 3316 кәсіпкерлік субьектісі жұмыс істейді. Бір жылдың ішінде олардың саны 600-ге көбейген.
«Биыл қаржысы 155 млн. теңгені құрайтын 2 кәсіпкерлік нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Өткен жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құны 6,7 млн. теңгені құрайтын 3 жоба мақұлданды. Атап айтсақ, Азғыр өңірінен компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашу, балық өнімдерін өндіру, ағаштан эко өнімдер өндіру жобалары бар» — деді Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының м.а Зоя Жағыпарова.
Жалпы ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 4 жарым мыңға жуық адам жұмыс істейді.