CaspianLife, 18 сәуір — Мемлекеттік орган өкілдері Исатай-Махамбет атындағы алаңды жайлап алған аттракцион иелері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейд өткізді, деп хабарлайды CaspianLife.
Өйткені қала тұрғындары өздерінің қоғамдық орында емін-еркін жүре алмайтындықтарын айтып, жергілікті әкімдікке арыз жазған көрінеді. Олар ойын машиналары мен велосипедтерді жалға беретін кәсіпкерлердің заңды жұмыс істеп отырғанына күмән келтіреді және оқыс оқиға бола қалса, жауап беретін адамның табыларына да сенбейді. Көптің осы шағымын негізге алған әкімдік қызметкерлері саудагерлермен тілдесті.
«Бізді анда қуады, мында қуады, шығуға болмайы дейді, қайда барамыз енді басқа, нан табатын жеріміз осы жер. Бізге заңды ретінде алып беретін болса, соны енді әділдікпен алып берсе дейміз» — деді кәсіпкер Арман Жұмашев.
Алаңдағы саудагерлер мен кәсіпкерлердің нан тауып отырған жерден кеткілері жоқ. Бәрінің айтатыны – отбасын асырап, несие өтеу қажет. «Алаңға рұқсат етілмесе, онда жер бөлінсе» деген өтініш айтты. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, мұндай қызмет көрсету үшін арнайы аумақ қарастырылып, ол жерде халықтың қауіпсіздігіне мән берілу қажет. Қазір жергілікті атқарушы орган лайықты деген жерді іздестіріп жатқан көрінеді. Табылса, конкурс ұйымдастырылады. Және ол жерде ниет білдіргеннің бәрі емес, талапқа сай келетіндер ғана жұмыс істемек.
«Қазір осындай қызмет көрсететін кәсіпкер көбейіп кетті. Бір жерге сыймаулары да мүмкін. Алдағы уақытта олардың санын реттеу, жұмысты жолға қою жағын қолға аламыз. Жердің қай жерден берілетіндігі конкурс арқылы шешіледі. Мұндай аумақтың бәрі қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансында. Сондықтан конкурсқа қатысты ұсыныстарды сол бөлім беруі тиіс» — деді Атырау қалалық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Давлетов.
Қалай десек те, мәселе көп ұзамай шешілуі тиіс. Себебі, әкімдік қызметкерлері жуықта іске кіріспек. Ал бұл аралықта кәсіпкерлер мен саудагерлердің алаңда жұмыс істеулеріне тыйым салынды.