CaspianLife, 3 сәуір — Облыстық «Аманат» партиясының ғимаратында экологиялық қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысы өтті. Жиналғандар «Атырау облысы су арнасы» мекемесі балансындағы №5-інші су тазарту қондырғысының қазіргі жағдайын талқылады, деп хабарлайды Caspian Life.
Әбден ескірген оны жаңғыртудан өткізу керектігі айтылды. Негізі дәл осы әңгіме бұған дейін де талай жиынның тақырыбы болған. Бірақ, айтылған жерде қалып келеді. Жиында суды тазартатын қолданыстағы технология туралы да сөз болды. Астанадан келген сарапшы суды хлормен тазалауға мүлде қарсымын деді. Оның сөзінше, бұл — ескінің сарқыншағы. Дамыған елдер мұндай тәсілден әлдеқашан бас тартқан.
«Атыраудағы су тазарту жүйесі тым ескі. Әлі күнге дейін суды хлорлау әдісі қолданылады. Бұдан онкологиялық аурулардың да көбеюі әбден мүмкін. Біз қазір осы жаңғырту жұмыстарының, жаңа технологияны жүзеге асырудың экономикалық жағынан қаншылықты тиімді екенін қарастырып жатырмыз», — дейді сарапшы Болат Қасымов.
Бірақ айналып келгенде мұның бәрі қаражатқа тіреледі. Яғни халықтың қалтасына түсуге тура келеді деген сөз. Сондықтан бәрін ой елегінен өткізіп, өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын, екі жаққа тиімді жолды таңдауымыз керек дейді депутаттар.
Жиын соңында депутаттар мен сарапшылар әр елдегі су тазарту технологиясын мұқият зерттеп, бізге ыңғайлысын таңдап, оны тәжірбиеден өткізуіміз керек деп тарқасты.
Автор: Жарқынай Қанатова
Фото: baq.kz