CaspianLife, 24 қаңтар — Атырауда қант қызылшасын өңдейтін зауыт бой көтеруі мүмкін, деп хабарлайды CaspianLife.
Бұл жоба іске асса, тәттіні алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалайтын күн алыс емес. Мұны Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары айтты. Олардың сөзінше, биыл тек 6 гектар аумаққа тәжірибе жүзінде қант қызылшасы егіледі. Мамандар «қант қызылшасын өсіру — егіншілер үшін қиындық тудырмайды. Өйткені көкөніс күтіп-баптауды аса қажет етпейді және тұзды жерде өсе береді» дейді.
«Қазірше Жайықтың екі жағына екі шаруашылықпен келісіп отырымыз. Қант қызылшасын егіп қарау. Ондағы мақсат қандай? Біздің жерімізде еңбектен де қант қызылшасының 1 гектарынан қанша өнім алуға болады? Оның өндірілген өнімі ішінде қанттың құрамы қандай болады? Біздің ойымыз семинар жұмыстарын ұйымдастырып, Атырау облысынан мынадай өнімдерді өндіруге болады деп инвесторларды тарту» — деді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Тілек Әміров.
Естеріңізге салайық, ауыл шаруашылығы министрлігі қант өндірісін дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған салалық бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен болатын. Бұл — мемлекет басшысының бірқатар тауарды, оның ішінде қант өнімдерін импорттауды алмастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынды.