CaspianLife, 23 қаңтар — Грант иеленгісі келген 26 атыраулық алданып қалды, деп хабарлайды CaspianLife.
Полицейлердің мәліметінше, бейтаныс жан оларға кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттен грант алып беремін деп уәде етіпті. Екі жақ бір-бірімен интернет арқылы байланысып, атыраулықтар оған жалпы сомасы 30 миллион теңге аударған. Кейін сан соғып қалғанын білген жерлестеріміз құқық қорғау органдарына шағым түсіріпті. Іздестіру барысында күдіктінің 31 жастағы Алматы тұрғыны екендігі, оның бұған дейін де дәл осындай қылмыс жасап, жазасын өтеп шыққандығы анықталды. Қазіргі уақытта «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қазір тіркелетін алаяқтықтың басым көпшілігі — интернет алаяқтық түрлері. Бұл адамдардың өзінің жеке деректерін, банк есепшоттарын телефонның ар жағындағы адамға ешқандай сескенбестен бергеннен туып отыр. Бұл жерде басты сақтанатын қағида — тұрғындардың өздерінің құпия ақпараттарын ешкімге бермеуі» — деді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.