CaspianLife, 23 қаңтар — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлықтарға қол қойды. Және Парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы биыл 19 наурызда өтетін болып белгіленді деп хабарлайды CaspianLife Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланбақ. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады, — делінген ресми хабарламада.