CaspianLife, 17 қаңтар — Биыл Атырау облысында жұмыс жасау үшін 6 144 шетелдік келеді. Оның ішінде 800–і маусымдық жұмыспен қамтылмақ, деп хабарлайды CaspianLife.
Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есе көп дейді тиісті басқарма мамандары. Өйткені өңірдегі шаруа қожалықтарының тарапынан сұраныс көбейген. Олар тіпті өткен жылы квота санының аздығына байланысты наразылық танытқан көрінеді. Себебі жергілікті халық егін егіп, шөп шауып-жинау секілді қара жұмысты жасағысы келмейді. Бұдан бөлек, 15 мыңға жуық мекеме білікті маман мен басшыға сұраныс жасап отыр.
«Біздің облысымызда ірі-ірі мұнай жобалары бар. Басым бөлігі Теңізшевройл, НСОС компаниясының ірі жобаларына қызметке тартылады. Яғни ол жерде жұмыс жасайтын білікті мамандар соларға тартылады. Оның ішінде басшылық қызметке 2000 нан астам жұмысшылар кіреді. Оның ішінде бас директорлар, орынбасар, тех-қ департамент басшылары бар» — деді Мейрамбек Алдияров, Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы.
Қазір Атырау облысында 5000 ға жуық шетел азаматы еңбек етіп жүр. Олардың барлығы да Атырау аймағына жұмыс берушілердің сұранысымен келген. Жалпы соңғы бес жылда шетелдік жұмыс күшіне бөлінген квота 60 пайызға қысқарды дейді басқарма қызметкерлері.