CaspianLife, 5 қаңтар — Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева қызметінен босатылды, деп хабарлайды Caspian Life.
Оның үстінен Атырау облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшылығы қала әкіміне шағым түсіріпті. Сол бойынша қала әкімі аппараты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіпті.
Мемлекеттік қызметте жүргеніне 30 жылға жуықтаған Нұрлы Хабиеваның іс-әрекеті әдеп кеңесінің отырыстарында жиі талқыланатын. Оған «дөрекілік танытты» деп өзінің қарамағындағы қызметкерлерінің, көп балалы аналардың жиі арыз жазуы себеп. Былтырдың өзінде Хабиева ханым кеңестің талқысына екі рет түсіп, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жаза алған еді. Қазір бөлім басшысының міндетін оның орынбасары Анар Жеңісова уақытша атқарып отыр.