CaspianLife, 20 желтоқсан — Атырауда қала тұрғындары мен Қазақ саңыраулар қоғамының балаларына арнап «Сиқырлы шырша шамдары» атты қайырымдылық концерті өтті, деп хабарлайды Caspian Life.
Оларға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлауды жөн көргендердің қатарына «Светоч-Атырау» славян этно-мәдени бірлестігі, «Вершина» орталығы және «Шаттық», «Камелия» фольклорлық ансамбльдері бар.
«Біз балаларға арналған осындай іс-шараларды жыл сайын ұйымдастырамыз. Биыл да бағдарламаны 3-4 айда дайындап, қойып отырмыз. Сахнаға шыққан Шаттық би ансамблінің қыздары 4 жасынан бері сахнада жүр. Ал қойылым қойған балалар жаңадан бастаған актерлар»,- дейді «Вершина» орталығының көркемдік жетекшісі Татьяна Капуова.
Балалар концертке ата-аналарымен бірге келіпті. Кішкентайлар мерекелік бағдарламаға белсене ат салысып, мәз мейрам болып жүрсе, үлкендер жағы балалардың кәсібилігі мен іс шараның ұйымдастырылу деңгейіне тәнті болды.
«Маған концерт қатты ұнады. Балалар да мәз-мейрам болып, жақсы көңіл-күйде жүр. Осындай көңілді кештердің жиі ұйымдастырылғанын қалар едім», — дейді қала тұрғындарының бірі Евгения Ни.
Мерекелік кеш соңында балалар қойылым кейіпкерлерімен және аяз атамен суретке түсті.