CaspianLife, 17 желтоқсан — Тәуелсіздік күні қарсаңында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күні-түні қызмет етіп жүрген тәртіп сақшылары ұлығыланды. Облыстық департамент, қалалық басқарма және аудандық бөлімдердегі үздік тергеуші, анықтаушы және криминалистер арнайы марапатқа ие болды, деп хабарлайды Caspian Life.
Үздік атанған полицейлердің ата-аналарына департамент бастығының алғыс хаты және естелік сыйлық табыс етілді. Қошемет пен құрметке қарапайым атыраулықтар да бөленді. Олар — Қайсарлығымен қалың жұрттың аузында жүрген сегіз жасар Жаңбырбай Дінмұхаммед пен суға түсіп кеткен досын құтқарған Аралбай Таңат және 18 қараша күні Баймұханов көшесінде үш көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы кезінде машина астында қалған азаматты шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен Алмас Каримов.
Салтанатты рәсімнен соң полицейлер арасында спартакиада өтті. Жарысқа департаменттің басқарма-бөліністерінен құралған 11 команда қатысты. Спартакиада нәтижесінде қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі үздік атанса, аудандық тергеу бөлімшелерінен құралған команда 2 орынға ие болды. Ал үздік үштікті полиция департаментінің тергеу және анықтау басқармаларынан құралған команда қорытындылады.