CaspianLife, 14 желтоқсан — Алдағы 2-3 жылда облыс орталығындағы жеке тұрғын үйлер орталық кәріз жүйесіне қосылмайды. Себебі қаладағы 85 канализациялық сорғы станциясы ескірген. Оның 45-і нашар күйде, 22-сі апатты жағдайда. Қалған 18-нің жағдайы қалыпты болғанымен, бәрін қамтуға қауқары жетпейді. Ал қалаға қарасты ауылдарды орталық кәріз жүйесіне қосу туралы 11 жоба әзірге тоқтап тұр. Мұны Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи қоғамдық кеңес отырысы кезінде айтты.
Кейін қала әкімі жаңа кәріз құбыры жүйесін салудың ерекшеліктеріне тоқталып, оның екі түрі бар екенін айтты. Бірі өздігінен ағып кететін, басқасы қысыммен жұмыс жасайды. Бірақ алғашқысының құрылысын жүргізу қиын болса, екіншісі қалтаға соғатын көрінеді. Ал мамандар болса, оның сөзімен келіспеді.
Көтерілген тағы бір мәселе — механикалық сүзгіден өткен суды пайдаға жарату. Қазір бұл мүмкін болмай отыр. Себебі Жайық өзенінің сол жақ жағалауында бой көтерген кәріз суын тазарту стансасы әзірге «Атырау облысы Су арнасы» мекемесінің балансына берілген жоқ. Және қазіргі кезде жаңа стансаның сорғылары істен шығып үлгеріпті.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңесте алдағы уақытта қалаға қарасты ауылдардан лас суды төгетін станция салу жайы да айылды. Мәселенің уақытша шешімі ретінде әрине. Бұл ассенизаторлардың алысқа бармай-ақ, ақаба суларды жақын маңға төгуіне мүмкіндік береді. Және халықтың да қалтасына қатты салмақ түспес еді, деді қала басшысы.