CaspianLife, 14 желтоқсан — Теңіз кенішіндегі болашақ кеңею жобасы, яғни үшінші буын зауытын 2024 жылдың бірінші, ал ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын 2023 жылдың екінші жартысында іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде үшінші буын зауытының құрылысы 95 пайызға аяқталған. Іске қосылғаннан кейін жылына 12 миллион немесе тәулігіне 260 мың баррель мұнай өндіріп, мың адам жұмыспен қамтылмақ, деп хабарлайды CaspianLife.
Ал болашақта кеніштегі үш зауыттың қара алтынды өндіру көлемі бір жылда 39 миллион тоннаға жетпек. Мұндай мәліметтер компания ұйымдастырған баспасөз туры кезінде айтылды.
Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасына кеңірек тоқталсақ. Бұл жоба ұңғымадағы қысымды төмендету болмаса көтеру арқылы зауыттарды толық қуатта ұстап тұруға мүмкіндік береді. Компания қос жобаны іске асыра бастағалы бері қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу үшін 15 миллиард АҚШ долларына жуық қаржы жұмсапты. БАҚ өкілдері іс-шара барысында аумақтағы топтық өлшеуіш қондырғыларымен де танысты. Теңіз кенішінде 40 жылдан астам уақыт еңбек ететін қызметкерлердің бірі компания көз алдымызда дамып, қазір барлық жұмыс автоматтандырылды дейді.
Компанияның биыл жеткен жетістіктерінің бірі – маусымда жұмысын бастаған өндірісті басқару орталығы. Еліміздегі мұнай-газ саласында мұндай орталық – жалғыз. Өйткені, 3 зауыттағы жұмыс бір жерден басқарылады, бақылауда болады. Жұмысты 30 оператор үздіксіз қадағалайды. Себебі, орталық толық цифрлық технологиялар бойынша жұмыс істегенмен, кез-келген жағдайға дайын болған артықтық етпейді. Болашақ кеңею жобасы өз жұмысын бастағаннан кейін операторлардың саны тағы 10-ға артпақ. Сонымен қатар, операторлардан бөлек мұнда қолдау топтар жұмыс істеп жатыр.
«Қазіргі заманауи технология теңіздегі ұңғымадан шыққанша маркетингке кеткенше соның 100 ақпарат бізге келіп түсіп отырады. Зауыттарда не болып жатқанын, маркетингтің жағдайы не болып жатқанын, ұңғымада не болып жатқанын,қандай қысым, қандай температура, қандай давление, қанша өнім бере аламыз, қанша электр қуатын шығарып жатқаны соның бәрі бізде қолымызда», — дейді өндірісті басқару орталығының басшысы Талдыбай Маханов.
Баспасөз туры кезінде Теңізшевройлдың Жылыой ауданында әлеуметтік жобаларды көбейту үшін жоспар жасап жатқаны айтылды. Биыл 9 айдың нәтижесінде компания 21,5 миллион тонна шикі мұнай өндіріп, ел қазынасына 10,9 миллиард АҚШ долларын салыпты.