Caspianlife, 14 желтоқсан — Биыл Атырау облысындағы 14-17 жас аралығындағы 600 оқушы «Кәсіптік бағдарлау – болашағыңды таңда да, басқар» жобасына қатысып, мамандық таңдауға бағыт алды, деп хабарлайды Caspianlife.
Жуықта жобаның 5 легі қорытындыланып, оған қатысқан 200 оқушыға сертификат берілді. Жылдың соңғы легіне қатысқандардың арасында «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы 15 бала мен 4 ерекше оқушы да бар.
Онлайн өткен марапаттау рәсіміне «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері, жоба тәлімгерлері, оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты. Барлығы келешек ұрпақтың маңызды таңдау жасауына ықпал ететін жобаға қатысқандарына дән риза.
«5-потокты аяқтаған оқушылардың бірімін. Жобаға көптеген ақпараттар берді. Көптеген тренингтар өтті. Тренингтердің маған берген пайдасы өте көп. Соның бірі – эмиоциналды интелект туралы. Осындай мүмкіндік беріп жатқан ТШО компаниясына көп рақмет! Бірінші білгенім – өзіңе сену, өзінді тани білу. Ата-анаңның айтқан мамандықтарын емес, ата-анаңа айтып, түсіндіріп, болашағыңды көздеуді түсіндім», — дейді оқушы Дильназ Нәжіметденова.
Оқушылар алдымен кәсіптік бағдар беру тестін тапсырып, нәтижесіне сәйкес жеке жеке консультация алды. Сонымен қатар, олар «Болашағыңды таңда да, басқар», «Эмоционалды интеллект» және «Тиімді оқыту» тақырыбындағы тренингтерге қатысып, өздері үшін жеке даму жоспарын әзірледі. Шетелде білім алу және грантқа түсу бойынша оффлайн кездесулер өткізілді.
«Неге 14-17 жас аралығы деп айтатын болсақ, осы аралықта балалардың қызығушылығы көп оянады. Болашақта кім боламын деген сұрақ мазалай бастайды. Көп жағдайда мамандық таңдауға ата-ананың ықпалы тиіп жатады ғой. Бұл жобаны іске асыруда тек бала емес, ата-анасы бірге жұмыс жасайды. Олармен психологиялық тұрғыдан психологиялық жұмыс жасалады», — дейді Integrity кәсіптік бағдар беру жобасының менторы Бақытгүл Аймағанбетова.
Жобаға қатысу тегін. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Менторлар, тренерлер балалармен ресми түрде қоштасса да, байланысты үзбейді. Оқушыларды вебинарларға, оффлайн-онлайн кездесулер мен экскурсияларға шақырады. Жасөспірімдерге болашақ мамандығын таңдау мәселесінің өзектілігін жергілікті атқарушы орган да түсініп, жобаға қолдау көрсетуде.
«Жоба былтырғы жылы басталған болатын. Жобаның септігі, көмегі балаларға тиіп жатқанын түлектердің өздерінен де естіп отырмыз. Және алдағы уақытта мұндай жобалар өте қажет деп есептейміз», — дейді Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.
«Кәсіптік бағдарлау – болашағыңды таңда да, басқар» жобасына қатысуға ниеттілер уақыт өткен сайын көбейіп келеді. 2 жылдан бері қолға алынған жоба Жылыой, Құрманғазы аудандары мен Атырау қаласында тұратын 800 оқушының болашағының іргетасын қалауға көмектескен. «Теңізшевройлдың» қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаның басты мақсаты — мектеп оқушыларының мықты жақтары мен потенциалдарын анықтап, мамандық таңдауға көмектесу.