CaspianLife, 6 желтоқсан — Атырауда 30 волонтер Азаматтық орталық мекемесі ұйымдастырған оқыту-семинарына қатысты, деп хабарлайды Caspian Life.
Іс-шараның басты мақсаты – волонтерлар мен волонтерлік ұйымдардың бір-бірімен байланысын нығайту, олардың жұмысының тиімділігін арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы бір жылда жастардың мұндай тренингтерге қызығушылығы айтарлықтай артқан.
«Осы шарадан кейін қатысқысы келетін волонтерлердің саны артты. Бірақ, біз тек 30 адамды қамти алатын болғандықтан, олардың арасынан түрлі салада үздіксіз еңбек етіп жүргендерді іріктеп алдық», — дейді «Азаматтық орталық» КММ маманы Ақбөбек Тәттібекқызы.
Волонтерлар да мұндай семинар-тренингтің өткеніне дән риза. Өйткені, еріктілердің қатарында бірнеше жыл жүргендер көкжиекті кеңейтіп, білмегенді үйреніп, тәжірибе алмасу ешқашан артық етпейді деп есептейді.
«Маған алғашқы күннен бастап ұнады. Басқа волонтерлермен араласып, байланыс орнаттық. Басқаларға көмектесіп, алғысын алудан асқан ғанибет жоқ деп ойлаймын», — дейді волонтерлердің бірі Дана Ғасырбек.
Екі күн бойы өткен іс-шараның соңында семинар-тренинг қатысушылары алған әсерлерімен және тимбилдинг нәтижелерімен бөлісті. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан сертификаттар табысталды.