CaspianLife, 6 желтоқсан — Атырауда Махамбет атындағы академиялық драма театрында Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған концерт өтті, деп хабарлайды Caspian Life.
Қазақтың тұңғыш бард ақынының әндерін тыңдауға келген халықтың қарасы көп болды. Концертте әншілер композитордың шығармаларымен қатар, оған арналған әндерді де орындады. Аудиторияны еріксіз тебірентіп әкететін бард ақынның шығармалары адамға рух беретін ерекше күшке ие дейді іс шарада өнер көрсеткен әншілер.
«Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Классика деген жүрекке жеткен дүние. Сондықтан, Табылды – үлкен классик. Оның классиктігінде, оның шынайылығында, оның батырлығында, оның нағыз талант екендігінде. Табылды әндерінің құдіреті сонда», — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова.
Ақынның шығармаларын сағынған атыраулықтар концертте орындалған барлық шығарманы ұйып тыңдады. Олар Табылды Досымов әндерінің ешқашан ұмытылмайтындығын айтады.
«Табылды Досымов — өзінің туған деріне деген махаббатыын әдемі әнмен жеткізген адам. Сондықтан, кейінгі жастар арасында танымал деп есептеймін», — дейді көрермендердің бірі.
Кеш соңында композитордың ұлы халық арасында кең таралған «Ұнатамын мен сені» және «Биіктік» атты шығармаларын орындады. Концерт атыраулықтардың сүйікті әніне айналған «Сәйгүлікпен» аяқталды. Кеш аяқталғанша түрегеп тұрып ән айтқан халық композиторға деген сағынышын қошеметімен білдірді.