CaspianLife, 2 желтоқсан — Атырауда Ерлан Сақтанов пен Сәлімгерей Садықовтың күй жинақтарының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Caspian Life.
«Домбыраға арналған шығармалар» және «Домбырашылар ансамбліне лайықталып түсірілген күйлер» деп аталатын қос еңбек балалар музыка мектептері мен орта оқу орындарының оқытушылары және студенттеріне арналған. Жинаққа балалайка мен фортепианоның сүйемелдеуімен орындалатын орыс халқының әндері мен шетел композиторларының аспаптық шығармаларының домбыраға лайықталған нұсқалары енген.
«Жалпы оқу орнында репертуар тапшы. Мектеп пен ЖОО бағдарламасын қамту үшін үш бағытта екі жинақты жарыққа шығарып отырмыз», — дейді жинақтың авторы Сәлімгере Садықов.
Домбыраны дәріптеу, оны насихаттау мақсатында шығарылған жинақта 1 күй 4 дауысқа түсірілген. Оның ерекшелігі осында.
«Бұл жерде шетел композиторларының шығармалары домбыраға лайықтап жазылған. Өзім танысып, жазуға ат салыстым. Үндестігін келтіру кезінде қиындықтар болды. Қазір біздің оқулықтарымызды көптеген ұстаздар қолданып жүр», — дейді Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің оқытушысы Артур Қазиев.
Іс шара кезінде жинақтағы шығармалар орындалды. «Танец» шығармасын орындаған Әлидан Жадановтың айтуынша, дайындыққа 2 аптаға жуық уақыт кетіпті.
«Бұл шығарманы өзім таңдадым. Бұны алу үшін ағайға ұсыныс бердім», — дейді Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің студенті Әлиден Жаденов.
Жинаққа астаналық, алматылық және өңіріміздің кәсіби мамандары пікір білдірген. Кітаптар 2 жылдың көлемінде жазылған. Әрқайсысы 10 шығармадан тұрады.