CaspianLife, 30 қараша — Атырауда қоғамдық кеңесте бұралқы иттер мен қоқыс тарифі мәселесі қаралды, деп хабарлайды Caspian Life.
Қазір қоқыс тарифі адам басына шаққанда 167 теңге. Ал арнаулы автобаза басшылары оны 569 теңгеге дейін өсіруді ұсынып отыр. Жиынға келгендердің бірі мұны қолдаса, бірі онсыз да қымбатшылықтан қажыған халықтың мойнына салмақ түсіріп қажет емес дейді. Ақыры қарашаның атынан шешім қабылдайтын кеңес мүшелері бұл мәселені тағы да талқылау қажет деп тоқтады. Ал шенеуніктер коммуналдық мекеменің шығынға батпасы үшін бағаны өсіру керек деген пікірде.
«Біз қалалық мәслихатқа өз ұсынысымызды жолдадық. Ары қарай бір шешімге тоқталамыз. Біз халықтың әл-ауқатын да ескеретін боламыз. «Арнаулы автобаза» үкіметтік емес мекеме. Дегенмен, көпбалалы және мүгедек адамдардың жағдайы ескеріледі», — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұхамбетәлиев.
Сондай-ақ, жиында үй жануарларына жауапкершілікпен қарау саласындағы заңдылықтың орындалысы туралы да сөз болды. Мамандар оларды түгел қыру табиғи процесті бұзады, сондықтан қабылданған заңнаманың нәтиже бергенін күткеніміз дұрыс дейді.
«Қазір ауланған иттердің барлығына чип салынып, журналға тіркеледі. Ал, келер жылдан бастап ортақ база болады. Ауланған иттердің кейбірі стерилизацияланғаннан кейін кері босатылады», — дейді «Атырау қалалық ветеринариялық стансасы» КМК басшысының орынбасары Мәдихан Рсымбетов.
Қоғамдық кеңесте бұдан бөлек, қала көшелерін абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстарына қатысты мәселелер де айтылды.