CaspianLife, 6 желтоқсан — Ақтаулықтар бір тәуліктен бері ыстық сусыз отыр. Қаладағы бірнеше шағын ауданда ауыз су мен жылу жоқ. Осы оқиғаға байланысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бірден 5 қызметкерге қатаң сөгіс жариялады. Олардың арасында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Орынбасаров пен қала әкімі Ербол Ізбергенов және энергетика басқармасы мен «МАЭК» кәсіпорнының басшылары бар. Бірақ, шенеуніктер ұрыс естіді екен деп, түзеле қояр жағдай көрінбейді.
Жауаптылардың «жұмыстарына немкетті қарайды» деген тұрғындардың пікірін аймақ басшысы да қостап отыр. Ол сондай-ақ, халықты алдамай, мәселенің себебін түсіндіру қажеттігін ескертті.
«Халық артық сұрақ қоймасын деп, құр уәде берудің қажеті жоқ. Мәселеге жан-жақты қарау керек. Құрылғыларды енді істен шықпайтын қылып жөндеу қажет», — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Энергокомбинат басшысы ыстық суды резервуардағы су деңгейінің төмендеуіне байланысты өшіргендігін айтады. Әрі 10 градус суықта жағдай одан әрі ушығып кетеді деп қорыққан көрінеді. Ақырында 300 мыңдай адам сусыз қалып отыр. Кәсіпорындағы құрылғылардың 80%-ға жуығы ескіргендіктен техниканың бұзылуы да орынды әрине. Бірақ, бұл жерде коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеп отырған маңғыстаулықтар зардап шекпеу керек. Әзірге, шенеуніктер мәселенің қашан шешілетінін нақты айтқан жоқ.