CaspianLife, 29 қараша — Атырауда «Дос жүрегін шекара бөле алмайды » атты халықаралық фестиваль жетінші рет өтті. Фестивальға Астрахань облыстық «Жолдастық» қазақ мәдениеті ұйымының өкілдері қатысты, деп хабарлайды CaspianLife.
«Бұл біздің дәстүрлі фестивалімізге айналды, бүгін міне 7-ші рет өтіп жатыр. Соңғы рет 2017 жылы өткізген болатынбыз, пандемия кезінде үзіліп қалды, . Биыл тек Астрахань облысының делегациясын шақыртып отырмыз. Ондағы мақсат екі елдің достығын нығайту», — деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ләззат Жылқышиева.
Іс-шара барысында қатысушылар Атырау және Астрахан облыстары халқының мәдени қарым-қатынасын және бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы іс-шаралардың маңызын талқылады.
«Атырау облысы мен көршілес Астрахань облысын көп жылдардан бері мәдени, экономикалық, саяси достық жалғасын табуда. Бізге Атырау облысынан біздің бауырларымыз арнайы сапармен келіп, осындай шараны ұйымдастыруда көп көмек көрсетеді. Сол үшін де біз өте ризамыз. Болашақта да осы екі елдің мәдени бағытта, тілімізді үйрену бағытында достығы жалғасады деп ойлаймыз», — деді Астрахань облыстық «Жолдастық» қазақ мәдениеті ұйымы кеңесінің жауапты хатшысы Әлия Ғұмарова.
Мәдени кеш ары қарай концертке ұласты, шығармашылық топтар шақыртылып, жергілікті өнерпаздар да өнер көрсетті.