CaspianLife, 29 қараша — Атырауда тұрғындардың қатысуымен «ploggіng» деп аталатын экологиялық акция өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Оған қатысқандар қолдарына бір-бір қап алып, жүгіріп жүріп, қоқыс жинады. Акцияға мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, қоғам белсенділер қатысып, Жайық өзенінің жағалауын тазалады.
«Киіз үй құрдық, кофе брейк ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, бүгінгі шараның қатысушыларына мотивация ретінде , көп қоқыс әкелген командаға, яғни 1 орынға 50мың тг, 2 орын- 30мың, 3 орын- 20 мың секілді қаржылай сыйлық беріп жатырқ», — деді «Жас Отан» корпоративтік қорының координатары Бекарыс Закария.
Тазалық акциясы командалық жарыс ретінде ұйымдастырылып, әр командада 5-10 адам аралығында болды. Ереже бойынша олар 1 сағат бойы қоқыс жинады. Берілген уақыт біткен соң ұйымдастырушылар қоқыс салынған қапшықтарды санап, қорытынды шығарды.
«Атырау облысы бойынша экология департаментінен келіп тұрған болатынбыз. Бүгінгі шара өте жақсы өтуде. Көріп тұрғандай, бәрі жиналып, бірігіп, бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Қазір, көріп тұрғандай адамддар табиғатты шашып кеткен. Арттарын жинамайды. Осындай адамдар арттарын жинап жүрсе деп айтамыз. Жинап, қоршаған ортаны қорғап, экологияға зиянын келтірмей, адамдар тек жақсы жаққа өзгерсе деп ойлаймыз.», — деді акцияға қатысушы Темірлан Болатұлы.
Плоггинг қорытындысы бойынша 1 орынды – «Қазақстан теміржолы-жүк тасымалы» ЖШС алса, 2 орынды – Атырау бизнес және құқық колледжінің студенттері, ал 3 орынды – «Ембімұнайгаз» компаниясының қызметкерлері иеленді.