CaspianLife, 29 қараша — Аққыстау ауылы АТП ықшам ауданы тұрғындарының көп уақыттан бері қозғап жүрген тоқ желісінің мәселесі шешімін тапты, деп хабарлайды CaspianLife.
АТП мөлтек ауданындағы ток желілер 1975 жылдары орнатылған. Содан бері бағаналар, желілері жаңартылмауына байланысты ауа райының қолайсыз күндері жарық жиі өшіп, электр қуаты әлсіреп, тұрғындар үшін қолайсыздықтар тудырып келген. Осы мәселені шешу мақсатында өткен жылы жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, аудандық құрылыс бөлімі арқылы тапсырыс беріліп, осы жылдың тамыз айында басталған жұмыстар, қараша айында аяқталып халық игілігіне беріліп отыр.
«Жаңартылған ток желілерінің ұзындығы 4 шақырымға жуық. Жұмыстар Нарын, Б.Нсанбаев, Келте Нарын, Х.Ерғалиев, Е.Қазақстан, С.Сейфуллин көшелерін қамтыды. Жоба аясында С.Сейфуллин көшесіндегі ескі трансформатор алынып, жаңадан 160 кВт трансформатор орнатылды. 103 дана бетон бағаналар қондырылып, 5 мың метр СИП кабельдер тартылды. Электр желісін жаңарту барысында әр тұрғынның үйіне ток желісі мердігер мекеме арқылы жүргізілді», — деді аудандық Құрылыс бөлімнің басшысы Жұмажан Сыдихов.
Оның айтуынша, бұл жұмыстармен қоса Б.Нысанбаев 1 және 2 көшелеріне электр желісі тартылып, көше жарық шамдары орнатылған. Аудан бойынша электр желілерін жаңарту бағытында жұмыстар жалғасын табатын болады. Айта кетейік, Исатай ауданының Аққыстау ауылдық округінде 10592 тұрғын бар.