CaspianLife, 22 қараша — Ұлттық жол сапа орталығының инженерлері «Доссор-Құлсары-Бейнеу» және «Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» бағытындағы тас жолда кезекті рет рейдтік бақылау жүргізді. Бірлескен шараға өңірлік көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері, полиция және «Маңғыстау — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері қатысты.
«Уәкілетті орган қызметкерлерімен бірге Маңғыстау ауданы аумағындағы жолдарда 3 ауыр жүк көлігін тоқтатып, таразыда салмағын өлшедік. Нәтижесінде, олардың құрылыс материалын шектік шамадан асырып тасығаны анықталды. Әкімшілік хаттама толтырылып, көліктер Шетпедегі айыптұраққа жабылды. Рейдтік бақылау алдағы уақытта облыстық маңыздағы жолдарда жалғаса береді» — деді жол инженері Мерей Әлиев.
Ережеге сәйкес жүк көлігінің бір білігіне (ось) түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы керек. Өкінішке қарай, 25 тоннаның орнына 40-45 тоннаға дейін асырып жүк тиеу дерегі жиі тіркеледі. Жыл басынан бері 230-дан астам тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 40 млн теңгеге жуық айыппұл салынып отыр.
«Заңбұзушылықтар құм-тас карьерлерден қатқыл жолдар арқылы жүк көліктері шығатын трассаларда тіркеледі. Соның салдарынан асфальт жолдардың Ақтауға қараған бағытындағы жолағы бүлініп, бетіне сызат түскенін байқадық. Қиыршық тас, құм тиеп шыққан көліктер Шетпе ауылының ішімен де жүреді. Соның салдарынан көше жолдарының күйі тайып барады» — дейді мамандар.