CaspianLife, 22 қараша — Өңірде күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы қымбаттап, құны шарықтап тұр. Бағаның күннен күнге қымбаттауына әсіресе тұрғындар наразы.
«Жасыратыны жоқ, биылғы инфляция мөлшері былтырғыдан асып түсті. Бұған Ресей рублінің де әсер еткені айқын. Бұл өз кезегінде тауар мен қызмет бағасының өсуіне ықпал етті», — дейді Ұлттық банкі Атырау филиалының мамандары.
Қымбатшылық Қазақстанды ғана емес, басқа елдерге де әсер етуде.
«Соңғы уақытта бүкіл әлем елдерінің басына «қара бұлт» үйірілді десек те болады. Мен мұны экономикалық тұрғыда айтып отырмын. Қарапайым халық жоғары инфляциялық күтілімдер, сыртқы инфляцияның толассыз өзгерісі, өндіріс шығындарының өсуі деген сөздерді түсіне бермейді. Ал, шын мәнінде бұл аталғандардың бәрі де – баға өсіміне тікелей әсер ететін басты факторлар», — дейді PhD докторы Лаура Иғалиева.
Оның айтуынша, қымбатшылыққа мұнай бағасының да әсері мол. Оған отандық мұнай тек шикізат көзі ретінде ғана пайда әкеліп отырғаны себеп. Ал, егер қара алтыннан өнім шығару қолға алынса, табыс еселене түседі. Әзірге қаржылық жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – базалық мөлшерлемені көтеру ғана.