CaspianLife, 14 тамыз — «Қазақстан мұнайын тасымалдау бойынша Әзірбайжанмен келісім жоқ», — деп мәлімдеді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Министр шетелдік БАҚ-тың Қазақстан мұнайдың бір бөлігін Әзірбайжан арқылы қайта бағыттауды жоспарлап отырғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
Бұған дейін қыркүйектен бастап Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша мұнай құбыры арқылы жылына 1,5 миллион тонна қазақстандық мұнай экспортталуы мүмкін екені туралы ақпарат жарияланған болатын. Осы орайда Ақшолақов Қазақстан мұнай тасымалдау бойынша қандай да бір келісімге қол қояды деп ойламайтынын айтты.
«Бұл мәселе кей жерлерде техникалық талқыланып жатыр. Бірақ қыркүйекте мұнай жөнелту туралы келісімге қол қою туралы айтып отырған жоқпыз. Оған қоса, 1,5 миллион тонна біздің экспорттық бағыттағы мәселені шеше алады деу ақылға сыймайды», — деді ол.
Министр Каспий Құбыр Консоруиумы (КҚК) тоқтаған кезде Қазақстан мұнайды Батуми порты арқылы тасымалдағанын, оның өткізу қабілеті 5 млн тоннаны құрайтынын еске салды.
«Сондықтан бұл — риторикалық сұрақ. 1,5 миллион тонна өмірді айтарлықтай жеңілдетпейді. Әзірге министрлікте мұндай келісімге қол қою жоспарымызда жоқ. Кейбір есептеулер бар, бірақ мен мұндай келіссөздерді жүргізген жоқпын», — деді Ақшолақов атыраулық журналистермен кездесу барысында.
Бағыттарды әртараптандыру мәселесіне тоқталған министр Теңіз кенішін кеңейтумен 2024 жылға қарай өндіріс көлемі 12 миллион тоннаға дейін өсетінін атап өтті. Жалпы, мұнай өндіру 100 миллион тоннаға жетеді.
«Ол уақытқа дейін бізге экспорттық бағыттар қажет болады. Әзірге негізгі нұсқа — КҚК. Бірақ жағдай жақсармаса, балама бағыттарды ойластыру керек. Қалай болғанда да, қайта бағыттау бір жылда жасалмайды. Біз инфрақұрылым құруымыз керек», — деді министр.
Министр төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіндігіне де тоқталды. Оның айтуынша, ең оңтайлы нұсқа – Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту, өйткені оны жобалау кезінде өңдеу көлемі 12 миллион тоннаны құрайтынын ескерген. Сондай-ақ, нөлден жаңа зауыт салу тым қымбатқа түседі.
Алайда, министрдің айтуынша, қазір бұл мәселенің жөні жоқ, өйткені үш мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы ішкі тұтынуды толығымен қамтамасыз ете алады.
«Тұтыну өскен кезде біз кеңейту мәселесін көтереміз», — деп түсіндірді ол.
Ақшолақовтың болжамы бойынша, қазіргі дизельдік отынға тарифтерді делимитациялау жанар-жағармайдың сыртқа шығу мәселесін шеше алады.