CaspianLife, 25 мамыр — Маңғыстау облысында балық өсіру шаруашылығына 2022 жылға арналған субсидия бөлінді. Балық өнімінің көлемі мен сапасын арттыруды қаржыландыру үшін әр шаруашылыққа 10,5 млн теңге дейін беріледі. Өңірдегі бекіре тұқымдас балық өсіретін зауыт та қаржылай көмек алған. Қазір кәсіпорын «Қызыл кітапқа» енген бағалы су маржандарының 6 түрін өсіріп келеді.
«Олардың азығы шетелден келетіндіктен, қымбат. Доллар курсы көтерілген кезде біз де қиналдық. Соңғы 1-2 жылда Үкіметтен субсидия мәселесі қаралып, қаражат алдық. Әр балықтың жемінің 30 %-н субсидиялап, ақшалай көмек алдық», — дейді кәсіпкер Тұрсынгүл Жақыпова.
Бұл Үкімет қаулысымен бекітілген «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында қолға алынған іс-шара. Он жылдық кезеңге арналған бағдарламада 2030 жылы балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға дейін ұлғайту мақсат етіледі. Бұл 1000-нан астам жаңа балық өсіру шаруашылықтарын құруға мүмкіндік береді. Сөйтіп балық өнімдерін 100 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
«Оның ішінде бекіре тұқымдас балықтар мен олардың будандарын өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алу шығыстарына – 9 млн 600 мың; балық өсіру материалын сатып алу шығыстарына – 600 мың; дәрілік препараттарды сатып алу шығыстарына – 100 мың; балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алу және оларды күтіп-ұстау шығыстарына – 200 мың бөлінді», — деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев.
Маңғыстау облысы бойынша шілдеге дейінгі бір жыл аралыққа – 9 мың тонна балық аулау квотасы бөлінді. Табиғат пайдаланушылар мамыр айына дейін квотаның 1800 тоннасын, яғни 19,3% игерген. Жалпы өңірдегі кәсіпшілік балық аулауға рұқсат етілген аймақтың ұзындығы 1350 шақырым. Теңіз жағалауындағы Түпқараған және Қарақия аудандарында 6 балық шаруашылық аумағы, 33 кәсіпшілік балық аулау учаскесі бар. Оның 27 учаскесі 19 табиғат пайдаланушыға бекітілген. Ал, 6 учаске резервте тұр.