Атырау облысындағы 48 бөбекжай-балабақшаға 1 жастағы 1970 сәби барып жүр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Ал, Қызылқоға ауданындағы «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Бақытжамал Жұмабаеваның айтуынша, 1 жастағы балалар 2014 жылдан бері қабылданады. Қазір мұнда 80 адам жұмыс істейді.
Оның ішінде 36 педагог бар. Олар 250 балаға мектепке дейінгі тәрбие береді. Ал, кезекші топқа 130 бүлдіршін келіп жүр. «Біздің балабақшаның ерекшелігі – балалардың ой-өрісін ерте жастан дамыту. Бір жастан бастап қабылданған бөбектер төрт топта тәрбиеленеді.
Оларға тәжірибелі мамандар тәлім беруде. Психолог, би үйрететін жетекшісі бар», — дейді Бақытжамал Жұмабаева. Ерте жас тобының тәрбиешісі Гүлжазира Кенжебайқызының пікірінше, 1 жастағы балаларға негізінен ашық оқу сабағы өткізіледі. «Мақсатымыз – бөбектің тыңдау, сөйлеу қабілетін жетілдіру. Ертегілер, саусақ ойыны арқылы да қызықты әңгімелер айтылып, тақпақтар жаттайды. «Кім шапшаң?», «Кім тапқыр?» сынды топтық ойындар өткізіледі. Әр топта он балдырған бар», — дейді ол.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын 13 мың атыраулық балдырған балабақшадағы кезекші топқа баратынын хабарлаған едік.